Онколог Данияр УРАЛБАЕВ: Рак ауруының бірінші сатысында айығып кетуге толық мүмкіндік бар
Онкологиялық аурудың алдын алу мақсатында Талдықорған қаласындағы облыстық онкологиялық диспасерінің директоры Данияр Уралбаев диспансердің мамандары жыл сайын ауылдарға барып, тұрғындарды медициналық тексеруден өткізіп тұратынын айтты:
- Әрбір дәрігер үшін ауруы асқынған науқасты емдегеннен гөрі бастапқы сатысында емдеу жеңіл. Әрі науқас белгіленген ем-шараны қолданатын болса, толық жазылып кетуге мүмкіндік бар. Біздің диспансердің мамандары жылына 28 рет ауылды жерлерге барып, тексеруден өткізіп тұрады. Әрі салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Ауруды асқындырмау үшін алдын алу шаралаларын түсіндіреді. Сондықтан болар 3-4 сатыдағы науқастар саны біршама азайды десе болады. Демек, атқарылып жатқан шаралар өз нәтижесін бере бастады десе болады.
Аталған диспансерде паллиативті көмек көрсететін 10 орынды бөлім бар. Онда ауры асқынған адамдарғамедициналық көмек көрсетіліп, психологтар кеңес береді.
- Диспансерде науқастарға дәрігерлік көмектен өзге мейірбикелер күтім жасайды. Қажет болған жағдайда мамандар ауыр науқастардың үйіне барып көмек көрсетеді. Өйткеніпсихо-эмоционалды көмек науқаспен қатар оның туысқандарына да көрсетіледі. Психологиялық көмекті паллиативті көмекпен шатастыруға болмайды. Диагноз қойылған кезден бастап науқас дертпен күресу үшін, өз –өзіне бекем болу керек. Адамдарда онкологиялық аурудың бәрі жазылмайды деген пікір қалыптасқан. Онкологиялық аурулардың бірінші сатысында80 пайызға дейін, үшінші сатыда 50-60 пайызға айығуға мүмкіндік бар. Аурудың төртінші сатысында науқастардың 5 жылға дейін өмірін ұзартуға болады. Сол үшін әрбір жан онкологиялық дерттің алғашқы белгілерін байқаған сәтінде дәрігерга қаралса, орын алатын қасіреттің алдын-алар едік, -дейді бас дәрігер.
-Қазір ғаламторда да салауатты өмір салтын ұстану туралы түрлі кеңестерді оқуға болады. Алайда аурудың алдын алудың екі жолы ғана бар. Бірі - скринингтен өту, екіншісі - дұрыс тамақтану.
Алматы облысында 2018 жылы 2 764 адам қатерлі ісік ауруына шалдыққан.
Онкологиялық аурулардың ішінде жатыр мойыны обыры, сүт безі және колоректалды обыр түрі кең тарап отыр. Негізі жатыр мойыны мен колоректалды обыр алдымен полип немесе эрозия түрінде пайда болады. Егер уақытында емделмесе, 5-10 жылда қатерлі ісікке айналады. Дер кезінде полипті алып тастаса, қатерлі ісік пайда болмайды. Сүт безі обырын мамография жасау арқылы анықталады.
Ал колоректалды обырды нәжісте жасырылған қанға сараптама жасау арқылы анықтауға болады. Бұл әдіс- ең көп таралған қатерлі ісік түрлерін нәтижелі анықтау жолдары. Алайда қатерлі ісіктің барлық түріне скрининг жасалмайды. Көп таралған өкпе обырын төмен дозалы компьютерлік томография арқылы анықтаймыз.
Ал әйел адамдар жатыр мойыны обырының алдын алу үшін үш жылда бір рет, папилома вирусынбес жылда бір рет тексертіп тұруы тиіс, - дейді дәрігер.
Бір айта кетерлігі, ауру қай сатыда анықталса да, оған жалғыз хирург шешім шығармайды. Бірнеше маманнан құрылған топ шешеді. Әр адамның денсаулығына қарай жеке емдеу әдісі тағайындалады. Облыс орталығындағы диспансер мамандары кей жағдайда ауыр науқастарды онкологиялық ауруларды зерттеу институтына жібереді.
Сонымен қатар, елімізде Ақтөбе, Қарағанды, Семей, Алматы және Астана қалаларында қатерлі ісікті емдейтін жоғары мамандырылған радиациялық онкология орталықтары бар. Онда мида орналасқан ұсақ ісіктерге де ем жасалады. Онколог маманың айтуынша, обыр - ДНК-дағы мутация. Бір жасушада пайда болған мутацияны ішкі механизм арқылы емдемесе, оның үстіне иммунды жүйе оны байқамаса ғана обыр пайда болады. Сонымен қатар шылым шегу обырдың пайда болуына тікелей әсер етеді.
Ресми деректерге қарағанда, елімізде онкологиялық ауруға шалдыққандар солтүстік және шығыс аймақтарда көбірек кездеседі. Бұған шығыс аймақтарда өндіріс орындары көбірек шоғырлануы себеп болуы мүмкін дейді дәрігерлер.