Тойым ЖҮНІСОВ. Жақсыны ұмытпайық ағайын!

Бекен ағамыз туралы (Бердібай Батманов) естелік жазу мен үшін қиын емес, себебі мен ол кісімен екі шаруашылықта 7-8 жылдай бірге қызметтес болғаным бар. Оның үстіне Бекең барынша қарапайым адами болмысында қалтарыс –бұлтарысы жоқ адамды өзіне іш тартып тұратын ашық-айдын, кімге де болса түсінікті азамат еді. Бірінші, ол кісімен Жетісай өңіріндегі Тельман атындағы колхозда бірге болдық. Ол кісі колхоз бастығы, мен жас маман, институт қабырғасынан енді шыққан, бас инженер болдым. Әрине, маған колхоздың бас инженерлік қызметін бірден ұсынбағаны белгілі. Әйтсе де, ол кісінің менімен жүргізген бастапқы басалқалы, сыпайы мені өзімен тең дәрежеде ұстап жүргізген өмірлік басқаша әңгімесі, институтта ғұлама-ұстаздардан бес жылдай лекция тыңдап, жоғары білімдімін деп диплом алып, енді қандай қызмет болса да дөңгелентіп кетуге дайынмын деп шалқып, лепіріп тұрған көңілімді, лезде-ақ жайына – сабасына түсіріп «емдеп»  бергендей болды. Ия, сіздерде көп білім бар екенін білеміз, бірақ оның  бәрі кітаби-теориялық білімдер. Ал, өмір деген, елдің-халықтың іші, жанды тіршілік-қызмет, іс адамдарымен бетпе-бет келіп, қатар жүріп жұмыс жүргізу, тағдыр шешу, ол тіптен басқаша. Енді, осыған кірісіп, жайлап тәжірибе жинап, қоғамға жаңа мағынада кірігіп, қалыптасу керек, өте көп нәрсеге жаңаша, басынан бастап үйрену керек, бұл енді, тіптен басқа өмір университет, деді. Екіншіден, Сенің келіп отырған ұжымың колхоз, деп аталады. Мұнда көптеген аса маңызды да жауапты мәселелер колхоз мүшелерінің жалпы жиылысында, көпшілік дауыспен – демократиялық жолмен шешіледі. Әрине, ағымдағыкөптеген шаруалар басқарма мүшелерінің келісімімен де тынып жатады.

Мен сізді колхоздағы техниканы жөндеп шығаратын мастерскойдың басшылығына алайын, басқарма мүшелерімен өзім келісермін, ал келешекте өмір көрсете жатар, бәрі де өтпелі ғой деп тоқтады. Өмір деген осылай екенін аңғал басым қайдан білейін, біздің ойымызша «инемен құдық қазғандай» оқу біткеннің бәрін тауыстық қой (мектеп, институт) қиындықтың бәрі артта қалды, ендігі өмірдің бәрі оңай ойнап жүріп, жортып-шауып, ысқырып-ыңылдап ән айтып жүріп өткізетін бір қызық нәрсе шығар, дедік қой.

Сүйтсек, қиындық деген енді басталғалы тұрған екен ғой, шамасы.

-Иә, сен бұл жерде тың жаңа адамсың, ұжымға әсіресе, механизаторлар тобына тез араласып сіңісіп кету, деген де үлкен өнер, ол да оңай емес. Колхоздың қазіргі бас инженері – үлкен кісі, Сарыбек деген. Ол жай тәжірибелі механизаторлықтан көтерілген, ол кісінің өмірден көргені көп, техниканың тілін де, механизаторлардың тілін де жақсы меңгерген, адамдарды да жұмысты да ұйымдастыра біледі, оның бер жағында, бұл ауылдық жерде ағайын-туыстық қарым-қатынастың да маңызы бар мәселе екенін есепке алу керек, механизатор балдардың да, негізінен сол кісінің інілері, балалары боп келеді, айтқандарынан шықпайды, сөздеріне құлақ асады,- деп, Бекең ол кезде біздің ойымызда жоқ тағы бір мәселенің төбесін қылтыйтып шығарғандай болды.

Бекең айтып отырған сөздердің көпшілігі, шын мәнінде мен үшін бұрын әлі есітіп көрмеген тың сөздер, тың ойлар боп шыққанына өзім де тосырқап, сес боп отырғанымды, ол кісі де сезіп-байқап,  «Жә, жарайды, бұның бәріне тез үйреніп кетесің, адамдарымыз негізінен жақсы адамдар»,- деп түсін жылытып күліп қойды. – Келін бар ма, көшіп келесің ғой, үй қарастырайық,- деп, іш тартты.

Осылайша Бердібай Батманұлының қол астында қызметтес бола жүріп, мен ол кісінің өмірлік және қызметтік мол тәжірибесінен көптеген тағлымды сабақтар алғанымызды кейін-кейін байқадық қой, әрине. Сонымен, Бекең айтқан ұсынысты қабылдап, колхоздың техника жөндеу цехының меңгерушісі болып кірісіп кеттім. Соның алдында ғана осы Манат екеуміз қосылып, үй болғанбыз (үй болдық деген аты ғана. Әйтпесе, ол кезде сонау 1962 жылы не бар дейсің, түгіміз де жоқ). Бізге колхоз кішкентай екі бөлмелі үй берді. Сол үйге ауылдағы ағаларымнан рұқсат алып, бізге берген3-4 көрпе-жастықтарын, бір шелек, 2-3 қасық, табақ, пиалай-шәйнек, кастрюлімізді, 3-4 құшақ қозапая отынымызды алып, жаздың басында көшіп барып алдық.

Сүйтіп, жұмысқа өзімше қатты кірісіп кеттім. Бұл жерде әңгіме мен туралы емес, Бекең туралы болған соң, сөзімді үш айдан кейін күздің басында Бекеңнің алдына тағы бір оймен кіргенімді айтайын. Иә, сол әлгі айтылған жұмыста үш айдан аса істей жүріп, мен колхоздағы техниканың, механизаторлардың тізімін жасап түгелдеп олармен техниканы дұрыс пайдалана білудің, оларды сақтаудың тәртібі туралы, техникамен жұмыс істегенде сақтандырудың талабын, техникалық қызмет түрлерін орындап отыру тәртіптерін айтып, жиындар өткізгенімді, бірақ осының бәріне қаттырақ талап қойып, нақты іс жүзіне асыруға менің құзырымның жете бермейтінін, ал бас инженер Сарыекеңнің бұл жұмыстарға теориялық деңгейі жете бермейтінін, сондықтан да бұндай ішкі жұмыста менің аса бір бастамашыл белсенділігімді ұнатпайтынын ескертпекші болып келгенімді алдын-ала сезіп, мен қағаз жоспарларымды жайып, енді айта бастағанымда, ол кісі мені тоқтатып сабырлы түрде былай деді:

-Тойым, мен сенің не айтқың келіп тұрғанын түсініп тұрмын және істеп жатқан істеріңнен де хабарым бар,- деп маған былай ақыл кеңес айтты. – Сен бір уақыт тауып, Жетісайға, аудандық ауыл шаруашылық басқармасына, оның механизация бөлімінің бас инженері Бошкарев Михаил Акимович деген кісіге бар. Ол- кісі өте тәжірибелі, ақылды, көпті көрген, кексе кісі.

Сол кісімен өзіңнің кім екендігіңді, не және қайда істейтініңді айтып таныс. Сосын, маған айтқың келген ойларыңды ол кісіге айтып ақылдас, ол кісіні тыңда, түсіндің бе?-деді шегелеп.

-Ия, түсіндім!- деп шығып кеттім, қағаздарымды жиып алып.

Бір күні Жетісайға Бошкаревқа да кірдім, өз ойымды айттым. Соңында бар күш-жігерімді жинап білген орысшаммен:

-Сіз қалай ойлайсыз, мен жоғары білімді Сіз сияқты инженер, бас инженер болып істеп жатқан қатардағы механизаторға бағынып отыра беруім керек пе?!- деген пікірімді де жеткіздім.

Ол кісі маған тіке қарап сәл тұрды да:

-Иә, бұл уақытша нәрсе ғой,- деп, орындығына арқа сүйеп жәй тыныстады.

Сосын көп ұстамай:

-Жарайды, колхозыңа барып, жұмысыңды істей бер!-деді. Не де болса, хабар өзінен болатынын айтты.

Содан соң көп ұзамай бір күні Бекең шақырып жатыр, деген хабарды алып, бастықтың алдына кірдім.

-Бүгін таңертең ауданнан ауыл шаруашылық басқармасының бас инженері Бошкарев келіп кетті. Сен ол кісіде болыпсың. Мен жоғары білімді инженер, механизатор - бас инженердіңқол астында бағынышты механик боп қалғанша отыра бермекпін, деп мәселені тіке қойыпсың ғой. Сенің бұның ұшқары жеңілтектік боп көрінбей ме саған? Келіп істеп жатқаныңа үш айдан енді ғана асты. Мен айтып, ескертіп едім ғой саған, бұл колхоз деп, колхозда бас маманды сайлау сияқты маңызды мәселелер колхозшылардың жалпы жиынында дауысқа салынып, көпшілік дауыспен шешіледі деп. Сарыбек – колхозға еңбегі сіңген, сый-құрметі бар жергілікті азамат. Сонда сен қалай, колхозшылар өздеріне белгілі, көптен істеп келе жатқан Сарыбекті – өз жерлестерін, туыстарын ысырып тастап, сырттан келген бейтаныс сені бір жас баланы институт бітірген екен, деп көпшілігі саған дауыс бере қояды, деп ойлайсың ба? Жарайды, енді не болса да, өзіңнен көрерсің. Біз түстен кейін сағат 17-де колхозшылардың жалпы жиынын шақырып қойдық.

Күн тәртібінде аудандық ауыл шаруашылық басқармасының ұсынысымен колхоздың бас инженер-механигін сайлау мәселесін қарады. Дайындалыңыз, үміткерлердің жұмыс ұйымдастыру, қызмет атқару жоспарлары тыңдалып талқыға түседі. Мәселе сонда шешіледі,- деді.

-Жарайды, болар іс болды, не болса да болар,- дедім де кеттім.

Ертеңіне, клубтың үлкен залы колхозшыларға лық толып, жиын басталды.

Сарыекең екеуміз: алдымен талапкер ретінде мені, сосын Сарыекеңді шығарып, жоспарларымыз тыңдалып, талқыға түстік. Батырға да жан керек дегендей, әй тынышсыз басым-ай дегендей, білгірсіп жүріп бәрін бүлдірген болмасам, не қылсын деп, тыпыршып жайсызданғанымды несіне жасырайын! Міне, мен үшін тозақ пен пейіштің қыл көпіріндей болған дауысқа түсу сәті де келіп жетті-ау, әйтеуір. Алдымен менің атымды айтып, бұл жігітті қолдайтындар қол көтерсін,- дегенде, ой тоба, сізге өтірік маған шын, екі жүздей залдағылардың қол көтергенін дауыстап санап, 148,149,150.... дегенінен соң залдағылар ар жағын тыңдамай дуылдап, қол соғып жібергенде, мең-зең болып кеттім.

Сарыбекке дауыс бергендер қол көтерсін дегенде, есеп комиссиясының адамдары тағы да дауыстап санай жөнелді. Санау көпке созылмай 48, 49, 50... боп барып тоқтады. Сүйтіп, осылайша ойда жоқта дауыс беру аяқ астынан менің пайдама шешілді.

Бәкеңмен бірге 4 жылдай бас инженер боп істеп, кейін ауысып кеттім. Бұл оқиға сонау 1962 жылдың күзі болатын. Ол сәтте оған ешкім де таң қалған жоқ, халық өзінің еркін, әділ ойын білдірді ғой, деді де қойды. Ертеңіне-ақ оны ұмытып жүре берді.

«Бүгіндері сол жағдайды еске алып, елде, халықта шындық, туралық әділдік деген, демократия, деп жүргеніміз сол кезде-ақ бар екен, болған екен-ау» - деп ойлаймын қазір. Олай болса, біз бүгінгі күнде не тантып, не саңғытып жүрміз (артық кетсем, кешірім сұраймын) ауыл әкімдерін, аудан басшыларын халық арқылы сайлау әлі ерте, бізде халық, әсіресе, ауыл адамдары әлі ондай демократияға дайын емес, қазақшылық-бұрмалаушылықтан әлі арылған жоқпыз деген сияқты халықтың санасын кейінге сырып тастап сенімсіздік танытып, жүрген ой-пікір, тұжырымның дәл бүгінгі анық авторлары бар ма екен, бар болса олар кімдер, не үшін олар солай есептейді. Бұл өте нәзік және жауапты мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе екені даусыз.

Оны солай анықтап, бұл жағдайда біреулердің қызығушылық мүдделері бүркемеленіп жүрмегені анықталып, бір жақты болу керек сияқты. Бұқара халықты солай сырттай, атүсті кінәлай салуға, жәбірлей қоюға болмас. Айтпақшы болғаным, Бердібай Батманұлының, шынында да осы жиынды дайындау, оны басқарып жүргізіп отыру, дауысқа салу сәттерінде (өте бір нәзік, жауапты сәттерде) ол кісінің ешқандай да бұлтаң-бұлтаңға салмай, бір жағына бүйрегі бұрғандай боп (айталық, бұрыннан істес, сырмінез Сарыекеңді қолдағандай, сүйтіп ол кісінің сондағы көптеген ағайын-туыс, ауылдастарына : Мен сендер жағындамын, дегендей сыңай танытып сыр бергендей сияқты) қандай да бір жеңілтек мінез білдіріп, өнер көрсету немесе бұра тарту сияқты әділеттілікке, туралыққа сызат түсіретін титтей де белгі көрсетпегені еді. Шынын айтқанда, бәрін өз қалауынша жүргізіп-тұрғызып отырған бірінші басшының қолында, көп нәрсе бар екені, егер ол әділ де тура болғысы келмей қандай да бір пендешілік мүддені күйттейтін болса, сан-саққа жүгіртіп, көпшіліктің ой-пікірін бұрмалап әкетуге мол мүмкіндік болатыны белгілі ғой. Алайда, Бекең марқұм, мұндай бір шыныда да алмағайып сын сағатта ешқандай әлсіздік танытпай, бастан-аяқ адал басшы, иманды ынсан екенін толық көрсетті.

Сүйтіп сондай бір шешуші сәтте өз қолындағы қазіргі кезде администрациялық «рычаг» деп жиі айтылатын баянсыз мүмкіндікті пайдаланбай азаматтық адал, мәрт кісілігін сақтай білді. Ол кісінің тізгінді осылай тура ұстап, адалдықты кіршіксіз таза сақтағанын, сол жиналысқа қатысқандардың бәрі байқап, ырзалық айтып, тарқаған жұрт, оны кейін де айтып жүрді. Әрине, ол кезде мен жастықпен, риясыз пәк көңілмен, онда тұрған не бар, басшының бәрі солай болу керек емес пе, деп оған онша мән бермеппін. Бірақ, кейін жүре келе көп нәрсені түсіндік қой. Ондай тазалық, туралық ілуде біреулерінің ғана қолынан келетін шаруа екен. Сол бірді-екілердің бел ортасында кешегі Ұлы Отан соғысының майдангер сарбазы, әскери бөлімдерде политрук болған, соғысты майор шенінде жеңіспен аяқтаған, содан түркмен жеріндегі туған еліне аман-сау оралып, аудандық партия-совет салаларында жауапты қызметтерінде болған, егер аман-есен болса, бүгінде жүзге келіп отыратын ардақты әкелерін ұрпақтары, балалары еске алып, рухы-аруағы ардақталып, асы беріліп отырған Бердібай Батманұлының (топырағы торқа болсын) болғанын мен бүгін мақтанышпен ерекше атап айтқым келеді (осындай кісімен қызметтес болғанымды). Бұл, әрине, ол кісінің азаматтық, адами болмысының жай кішкене ғана бір көрінісі деуге болар, бірақ ол өте үлкен, адами құндылықты аңғартатын, аса бәтуәлі (принципияльно), салмақты көрініс екені даусыз. Мен Бәкеңмен кейін де басқа шаруашылықта бірге қызметтес болуға тура келді. 1966 жылдың соңына таман сол кездегі Киров аудандық партия комитетінің шешімімен «Өзбекстанның 40 жылдығы» совхозына бас инженер етіп жіберген болатын.

Содан 3-4 айдан соң совхоз директорын орнынан алып, жаңа директор боп осы Бердібай Батманұлы келе қалмасы бар ма?! Мен ол кісінің басшы болып келгеніне қуандым, әрине жақсы басшы екенін білем ғой. Ол кісі де маған бірге істейтін болдық деп жылы шырай танытты. Бұл шаруашылық жаңа, жаңадан ашылған деген аты болмаса, бұрынғы ескі совхоздың (Ленин атындағы және Мақталы) шет шекаралас жатқан бөлімшелерін бөліп алып біріктіріп, бөлек бір совхоз етіп, 2-3 жыл бұрын ғана құрастырған екен. Топырағы тұздалған, жердің мелиоративтік жағдайы нашарлаған, арнайы өндірістік әлеуметтік тұрмыстық нысандары салынбаған ауыр күйзелістегі және қол күші, кадр мәселесі де шешілмеген, әйтеуір аты совхоз болатын. Міне осындай өте ауыр шаруашылыққа жегілгенін білген, кешегі жаужүрек әбден шыңдалған майдангер командир-политрук, одан кейінгі бейбіт өмірде тағы да партия-совет саласының жауапты басшылары болып өмірде бәрін көріп әбден төселген Бекең қиындықтан, жауапкершіліктен қалай қашсын! Қайта керісінше өзінің өмірден жинақтаған мол тәжірибесін іске қосып, аса бір білгірлікпен, іскерлікпен сабыр төзімділікпен ел-жұртты ұйымдастырып, батыл қадамдармен қызу жұмыс жүргізді. Түркменстан, Тәжікстанда тұрып жатқан өзінің тайпалас, рулас қандастарымен қанша жұмыстар жүргізіп, оларды  елге тартып, жағдайлар жасап өлкені жұмыс қолдармен қамтамасыз етті, керекті кадрларды келтірді.

Шаруашылықтағы әлі тәртіпке түсіп үлгермеген жерлердің меморациясын, су жүйелерін жақсарту өндіріске, халықтың жағдайына, өміріне қажетті нысандармен толықтыру, совхозды жоспарлы қуатына жеткізу сияқты күрделі жұмыстарды, күнделікті ағымдағы істермен жүріп тындыра салу мүмкін емесін білген Бекең жоғары билік орындарына арнайы қағаздар, шағымдар, уәждер түсіре отырып, ақыры осы совхоздың жағдайы туралы мәселені республика деңгейінде үкіметке арнайы қаратуға қол жеткізді. «Өзбекстанның 40 жылдығы» совхозы бойынша үкіметтің арнайы қаулысын шығартып, үлкен іс- шаралар бекіттіріп алды және орындалуын ауыл шаруашылық министрлігіне жүктетіп, үкіметтің қадағалауында тұратын болды.

Бұл енді теңдесі жоқ, ерлік десе болатын, айды аспанға шығарғандай ұлы жетістік еді. Үкіметтің осы арнайы қаулысына сәйкес совхоздың жерін түгелдей күрделі тегістеуден өткізу, су жүйелерін реттеу, тік дренаждар жүргізіп, жердің мелиорациясын жақсарту,өндірістік (ЦРМ, автогараж, машина-техникалық алаң, бөлімшелерде техникалық цехтар), әлеуметтік мәдени –тұрмыстық (клуб, конторлар, аурухана, мектептер, жолдар, ауыз су жүргізу, газдандыру нысандарын салу, совхоз орталығын жоспарлап, қолайлы дөңестеу жаңа алаңға көшіру, жаңадан мал, шошқа фермаларын, үй жайлар салдыру) сияқты көптеген тың күрделі құрылыстарды жоспарлатып, оған орталық бюджеттен қыруар қаржы қарату, ол құрылыстарды жүргізетін тың трестердің іс-жоспарларына ендіріп, оларды таяу жылдарда бітіріп беретін етіп белгілету, бұл шын мәнінде. Бәкең сияқты терең білгір, жұмысына тастай пысық, мәселенің орнын, көзін тауып, сауатты түрде қоя білетін, өз сөзінтыңдатабілетін, орнықты, көзі ашық басшылардың ғана қолынан келетін бір тамаша орынды мақтанарлық іс болды.

Сол қыруар әрекеттің арқасында бұл совхоз тыңнан ашылған, жаңа игерілген шаруашылық боп кайта бой көтерді. Жоғарыда айтылғандай, көптеген жаңа өндірістік қуаттар іске кірісті, жаңа әлеуметтік, мәдени нысандар халыққа өызмет көрсете бастады. Тың, өте қолайлы жерден совхоздың орталық поселкасы бой көтерді.

Жаңа көшелер, көптеген тұрғын үйлер қатар түседі, арықтар алынып суландырылды, ағаштар егіліп бүгінде көгал аймаққа, барлық жағдайлары жасалған үлкен елді мекенге айналды, бөлімшелердің тұрмыс тіршілігі де өзгеріп, жақсарып, мақта және басқа дақылдардың өнімділігі арта түсті, елдің тұрмысы жақсарды.

Бердекең сол ең қиын да ауыр совхозда 18-20 жылдай директор бола жүріп, жоғарыда айтылғандай қыруар еңбек етті, шаруашылықты қайта түлетті, қиын бейнеттен бір сәтке де қол үзбестен күнді күнге, түнді түнге жалғап, адалынан тер төкті, бүкіл өмірін сол жерге, сол елге сарп етті, сол жерде зейнеткерлікке шығып, сол шалғай ауылда елмен бірдей қарапайым ғана өмір сүріп, өзінің маңдай тері төгілген жерде дүниеден өтті.

Артына кейінгі ел үшін көптеген игілігі мол істер қалдырды, бірақ өзінің бала-шағасы ұрпағына мирас боп бір түйір де дүние қалмапты, бір кезде үкімет салып берген шағын ғана үй кейін жұрт қатарлы жекешеленіп, қазіргі таңда келіні мен үш-төрт немересі отырған көрінеді.

Міне, 4 жыл Отан қорғауда қан майданда қан төгіп, содан кейінгі бүкіл өмірін елі, халқы, отаны үкіметі үшін адал қызметке беріп, бір күнде бос, маңдай терін тамшылатып еңбек еткен, оның 20-25 жылын шаруашылықтар басқарған, адал ынсанның артында қалған бар байлығы осы ғана, дегенге кім сенеді?! (Жалғыз шағын үй, оны да үкімет берген). Бірақ, не десе де бар шындық осы.

О, аруағыңнан айналайын, Беке!

Әрине, сіздің ел үшін, халқыңыз үшін жасаған қыруар еңбегіңізді бүгінгі өркениетті елдердегі әдіспен есептессе, сіздің артыңызда ұрпақтарыңызға қалатын дүние көлемі миллиондаған доллар болып тұратыны даусыз еді.

Бірақ, амал не, кезінде үкіметіңіз тасбауыр, тасжүрек болды. Атқарып жүрген жұмысыңыз көп екен ғой, ал күнкөрісің қалай, ертеңгі күнің, бала-шағаң не болады деп сұрамады да, қызықпады да. Өзіңіз ақ болдыңыз, адал болдыңыз, үкіметтің мүлкіне қол сұқпадыңыз, елдің ала жібін аттамадыңыз, қолыңыздағы жалғыз ұлыңыз совхоз директорының ұлы бола тұрып, ең ауыр бейнетке жегіліп жүріп, денсаулығынан айырылды, дертке шалдығып, өмірден тым ерте өтіп кетті. Басқа ұл-қыздарыңыз да сол айналаңызда, төңірегіңізде жегені алдында, жемегені артында боп, кейбір пысықай басшылардың балдары сияқты жүргізсеңіз болар еді ғой. Бірақ, олар өз беттерінше Алла бұйыртқан дәм-тұздарын реті келген жерлерден тауып жеп, әр жақта тарап кетті. Иә, солай болды, өйткені сіз ақ болдыңыз.

Сондықтан да, сіздің артыңызда қалған қандай да бір артық дүние болмады. Бірақ, Беке сіз бәрібір бақыттысыз. Иә, мына өтпелі шолақ өмірде дүниесіздеу болдыңыз, өйткені, адал емес дүниеге қызықпадыңыз. Өйткені, сіз о дүниені – мәңгі дүниенің бақытын ойладыңыз.

Нәпсіңізді тыйып, шайтан жолға түспедіңіз. Сондықтан да, сіз бұл дүниеде тыныш, алаңсыз, сабырлы, ардақты, абыройлы кісі боп, орнықты көңілмен, ырзалық, адами шүкірлікпен өттіңіз, деп есептейміз, ойлаймыз. Алланың ақ жолындағы ынсан осылай болу керек. Кезінде халқыңыз сізді осындай адами болмысыңыз үшін аса қадірледі, адалдығыңызға, тазалығыңызға, қарапайымдылығыңызға тән берді, сізді үлгі тұтты, құрметтеді. Көз көргендер осы күнге дейін ризалықпен еске алып, марқұм жақсы кісі еді ғой, иманды болсын, жаны жәннатта болсын, деген шын ниеттерін білдіріп жүрді.

Мен де сіздің ерекше құрметтеушілеріңіздің бірімін, кезінде қызметтес боп (аз да болса) биік адами қасиеттеріңізді көрген, білген куәгері есебінде, жүз жылдығыңыздың қарсаңында, рухыңыз алдында басымды иіп, сізге деген ыстық ықыласымды, жылы лебізімді білдіру адамшылдық парызым, деп санадым.

Жаныңыз ЖӘННАТТА шалқысын, Көкежан!

Артыңыздағы ұрпақтарыңыз аманшылдықта өсіп-өніп, Батмановтар әулетінің көш керуені тоқтаусыз жалғаса берсін! Сіз бәрібір өмірден бақытты болып өткен ынсансыз, көке!

ҚҰРМЕТТІ БАУЫРЛАР, ЖЕРЛЕСТЕР!

ӨМІРІНІҢ зейнеткерлікке шыққанға дейінгі соңғы 25 жылдай бөлігін Жетісай, Киров аудандарында екі шаруашылықты (Жетісайда Тельман колхозы, Кировте Өзбекистанның 40 жылдығы совхозы) қиын шаруашылықтарды тапжылмастан басқарып өңірге өлшеусіз еңбек сіңірген, көпжылдық қызметте адалдықтың, туралықтың, тазалықтың үлгісін көрсетіп, кезінде елдің, көпшіліктің құрметіне еге болып, алғысын алған, жерді, елді, шаруашылықты көркейтіп құрметті зейнеткерлікке кетіп, елдің ортасында соңғы жылдарын үндемей жүріп өткізіп, өмірден белгісіздеу болып кете салған, бұл күндері аттары аталмай көңіл мен естен шығыңқырап қалып жүрген Бердібай Батмановтай ардақты кісімізді, ең болмаса, биылғы 100 жылдығы жылында өз совхозында (енді совхоз жоқ болса да, сол елді мекенде) ол кісінің өзі салдырған клубтың залына елді жиып, еске алып, аруағына Құран оқып, сол ел үшін сіңірген еңбегінің қайтарымы есебінде, совхоз орталығы етіп, өзі көтеріп құрған елді мекеннің атын сол Бекеңнің атымен атау мәселесін ойласып шешсе, өте орынды болар еді-ау, шіркін-ай. Сол ауылдың көне көз ақсақалдары, ауыл округінің әкімі осы іске бастамашы боп, қозғау салсаңыздар, біз бәріміз де риза болар едік, қолдар едік, қарап қалмас едік.

Ынтымақ – бірлік деген, елдік-кісілік деген осындайлардан бастау алады емес пе?!

Жақсыларымызды ұмытпайық, ағайындар!

Жақсының жақсылығын айту парыз ғой.

Автор Мақтаарал ауданы және Түркістан облысының Құрметті азаматы,Жетісай ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы, зейнеткер

Рейтинг: 
Средняя: 5 (109 votes)